
Көларық ауылының мектеп тарихы әріден басталады. 1885 жылы 12 тамызда Қаракөл болысының Томанкөл ауылында орыс – қазақ училищесі № 3,5,8,9,10 ауыл старшындарының қатысуымен салтанатты түрде ашылды.
Мектепке сол кезеңнің беделді, салауатты адамы Байеке Жамановтың үйі беріледі. Алғашқы мұғалімдері Қасымов, Әйтім Палуанов болған. Мектепте жастары 18 – 20 – дағы жергілікті байлардың 17 баласы оқыған. Мұғалімнің жетіспеушілігінен шамалы уақыттан кейін жабылған. Осы мектеп негізінде 1934 – 35 оқу жылында Көларық елді мекенінде «Томан» бастауыш мектебі ашылды. Алғашқы директоры әрі оқытушысы Ерғали Қожаназаров болған.
Алғашқы мектептің қазір төмпешік орны бар. Осы 1934 – 35 оқу жылында және бір мектеп ашылды. Бұл дария бойында қазіргі Бірліктің (дарияның бергі беті) тұсында «Жалайыр» мектебі болып аталады. Бұл мектептің мұғалімі Дәулетов Иманғали деген кісі болды. Ертеде бұл жерді Қарақалпақ ағайын мекендеген деген сөз бар. Сол Қарақалпақтың ханы Жалайыр арық қаздырып, егін еккізген арықтың атын Жалайыр қойған. Жалайыр арығы қазіргі бірліктің бергі тұсынан дариядан саға алып Құттықтың Қайдауылының жерінің үстімен Қаракөлді басып өтіп қазіргі Шерекен қыстауының түбінен өтіп Мұратбаев колхозының «Бес кетпен» деген жеріне дейін созылып барады.
Міне осы арықтың атымен Жалайыр серіктестігі және Жалайыр мектебі болып аталады. Томанда, Жалайырда 16 ауылдық совет еді. Мектеп меңгерушісі Қожаназаров Ерғали 1934 – 37 жылдары 3 жыл істеп, орнына «Жалайыр» мектебі мен «Томан» мектебі қосылды.
Корей ағайындардың көшіп келуіне байланысты 1937 жылы «Томан» бастауыш мектебі жеті жылдық «Көларық» орталық мектебі болып аталды.
1965 жылдың 1 қыркүйегінде 8 жылдық мектеп болып ашылды.
1973 жылы жеті жылдық Көларық мектебі 10 жылдық мектеп болып аталды.
1984 жылы жаңа типті 332 орындық, ІІ қабатты мектеп ғимараты салынып, пайдалануға берілді.
1986 жылы 6 жастан оқыту бағдарламасы бойынша екі топ ашылып арнайы оқу, ойын, жатын дайындалып оқушылар таңертеңнен кешке дейін мектептен білім алды. Үш мезгіл тамақтанатын асханасы болды.
Бұл тәжірибе аудан бойынша тұңғыш енгізілген болатын. Өз нәтижесін беріп аудандық семинар өткізіп, оң бағасын алды. 1987 жылы 9 сынып оқушыларынан «Өркен» комсомол жастар бригадасы құрылып,ауыл сыртындағы «Шеңгелді» участогінде жүгері егу жұмыстарымен айналысты. Онда оқушылардың барлық жағдайы жасалып, жатақхана, кітапхана, дәрігерлік пункті, қызыл мүйіс, асхана жұмыс жасалды. Осындай семинар өткізіп, көпшілік көңілінен шықты.
Білім саласында болып жатқан реформаларды өмірге енгізу, насихаттау, әкімшілік шешімдері тыңғылықты орындау Жадиев жандаулеттің қанына сіңген қасиет еді. Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру мақсатында гүл өсіріліп, аз уақыт ішінде гүл саны 1500 – ге жетіп, мектеп гүлге оралды. Облыстық семинар өткізіп Оразбаева Балқия меңгерушілік ететін биология кабинеті «Жасыл кабинет» деген атаққа ие болды. Мектеп спорт саласында да зор табыстарға жетіп, Арықов Әнуарбек жаттықтырған Ресей қаласы Наватрощикілде өткен турнирде І орын алған Оқасов Ақылбек пен Жәлімбетов Ғалымжандар І разрядты боксшы нормаларын орындады.
Білікті басшының еңбегі еленіп, 1988 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық І мұғалімдер Съезіне делегат болып қатысып қайтты. Бұл ауыл, мектеп ұжымы үшін зор құрмет болатын. Мектепте сабақты техникалық құралдармен сабақ беру басты назарда болып, аудандық фильмотека мекемесімен тығыз байланыс орнатылды. АКТ залында шағын «Украина - 2» кинопроектормен оқушыларға мультфильмдер көрсетіліп тұрды.
Әскери – патриоттық тәрбие беруде және спорт үйірмелерін өз дәрежесінде жүргізу арқасында мектеп оқушыларынан құралған командалар аудандық жарыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Көп жылғы қажырлы еңбек нәтижесін беріп, мектеп тарихында Оралбаева Майра «Алтын медаль» иегері атанды. Бұл 1990 жылы болатын. Жетістік жалғасын тауып, 1991 жылы Жәлімбетова Құралай «Күміс медаль», 1993 жылы Құрманова Нұрсауле мен Жакешова Айтолқындар «Үздік аттестат»,2003 жылы мектеп түлегі Махамбетова Алтынай, 2006 жылы Әріпбаева Мөлдір, 2011 жылы Аюп Гүлфизат «Үздік аттестат» иегерлер атанды.Сонымен бірге 2011 жылы мектеп түлегі Аташ Әдемі Тәуелсіз еліміздің тұңғыш «Алтын белгі» иегері атанды.
1937 – 1939 жылдары мектепті Нұржігітов Уайс басқарды.
1939 – 1940 жылдарда ұлты кәріс Мун Сан Че директор болды.
1940 – 1942 жылдары директор болып Қалымбетов Нұржігіт істеді.
1942 – 1944 оқу жылында Бекмағамбет басшы болды.
1944 – 1947 жылдары Дәулетов Иманғали қайта басқарды.
1947 – 1950 жылдары Бакиев Муса басшылық жасады.
1950 – 1952 оқу жылдарында Кенжалиев Нұрпайыз директор болды.
1953 – 1954 жылдары директор Хайруллаев Жармедет істеді.
1954 – 1956 жылдары Бекмамбетов Жұмамұрат басқарды.
1956 – 1965 жылға дейін Баймаханов Құрмаш директор болды.
1965 – 1970 жылдары директор болып Жадиев Жандаулет істеді.
1970 – 1975 жылдары директор қызметін Шарлыбай Құлмағанбетов атқарды.
1973 – 1974 оқу жылында орта мектеп болып құрылды.
1975 - 1991 жылға дейін басшылық қызметін Жадиев Жандаулет атқарды.
1991 – 2001 жылдары Дәуітов Серік директор болды.
2001 – 2002 оқу жылында басшы болып Жасан Ермекбай қызмет атқарды.
2002 – 2008 жылдары Қанатов Серікбай директор қызметін атқарды.
2008-2013 жылдары Орынбасаров Қайрақбай директор қызметін атқарды.
2013 жылдан бері Айтмамбет Ділдабек Инаятуллаұлы басқарып келеді.